Ақтауда Yessenov университетінде Amanat партиясының ұйымдастыруымен "Елдің дамуындағы әйелдердің рөлі" тақырыбында еркін форматта форум өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Форумның басты мақсаты - еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі әйелдердің рөлін айқындау, кәсіпкерлік саладағы әлеуетін арттыру, жүйелі мәселелердің шешімін табудың жаңа тетіктерін іске қосу.
Форум қонағы, кәсіпкер Гүлшарат Жұбаева бизнес кеңістіктегі әйелдер қауымы бетпе-бет келетін кедергілер жөнінде кеңінен әңгімелеп, заман талабына сай мүмкіндіктерге мейлінше иек артудың игілігі, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау турасында сөз қозғады.
"Өзбекстан жерінде туылып, атамекенге қоныс аударғанымызда анам екеуіміз көптеген қиындықтарды бастан өткердік. Жиырма жылдың ішінде ерік-жігерімнің арқасында аяққа тұрдым. Қазіргі таңда бірнеше тігін цехым бар. Бірқатар саланың басын қосып, жеке кәсібімді ілгерілету үшін жұбайыммен бірлесіп жаңа идеяларды жүзеге асырдық. Ең бастысы - ынта мен идея. Менің бизнесім өз жасауыма қосып берген тігін мәшинесінен басталды. Заман талабы мен тұтынушылардың сұранысына қарай қимылдау керек. Жуырда еліміз бойынша 100 шебердің қатысуымен "Шабыт" шеберлік фестивалін өткіздім. Жоба арқылы тігіншілер мен қолөнер шеберлерінің туындыларынан жәрмеңке ұйымдастырып қана қоймай, олардың есімдерін қоғамға кеңінен таныстыруды көздедік. Қолөнермен айналысатын маңғыстаулық қыз-келіншектерді осы фестивальге белсенді ат салысуға шақырамын",- дейді Гүлшарат Жұбаева.
Форумның қонағы заңгер, қоғам белсендісі, Ұлттық құрылтай мүшесі Айгүл Орынбек ауыл-аймақтан келген әйел-аналармен өзара сұхбат орнатып, қатысушылардың ұсыныс-тілектері мен уәждеріне құлақ түрді. Әйелдер инновациялық бизнес-идеясы бар кәсіпкерлерге берілетін мемлекеттік гранттың бөлінісі, Amanat партиясының "Ауыл - ел бесігі" бағдарламасын іске асырудағы ерекшеліктер жөнінде әңгімеледі.
"Қырғызстаннан келетін тауарлардың салығын екі есеге арттыру керек. Отандық өнім өндірушілерге мемлекеттік органдар қолдау көрсетуі тиіс. Әуежайларда қазақы нақыштағы қолөнер бұйымдары сынды отандық өнімдерді сату арқылы ұлттық брендімізді әлемге әйгілей аламыз",-деген ойын білдірді Айгүл Орынбек.
Amanat партиясының Маңғыстау облыстық филиалының атқарушы хатшысы Нұрбек Қарасаев та форумға белсенді қатысып, сауалдарға жауап берді.